Жеңіс

Партизандық қозғалыстың қаһарманы

Жазамын аз ғана өлең өткенімнен,

Бейнеттің небір түрін шеккенімнен.

Елім жоқ, Отаным жоқ, айдалада

Қаңғырып көзімнен жас төккенімнен.

Бұл — менің майдангер әкем, партизан Төлтай Шановтың оқ пен оттың ортасында, өмір мен өлім белдесуінде қойын дәптеріне түсірген өлең жолдары.

Ресми деректерге қарағанда, Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысының  қатарында 40 мыңнан астам кеңес

жауынгерлері мен офицерлері болған. Солардың ішінде  Югославия жерінде 6 мың адам соғысқан. Сол алты мыңның бірі — менің әкем болатын.

Ол 1942 жылы қаңтар айында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Сталинград майданына жіберіледі. Дон өзені бойындағы соғыста ауыр жарақат алып, көптеген жауынгерлермен тұтқынға түседі. Ол жерден астыртын жұмыстар жүргізіп, неміс бұғауынан қашып шығады. Сөйтіп, Италияның «Фри-Юли» партизан қауымына қосылып, тұтқындар лагеріндегілерге әр ұлт тілінде үндеулер таратады.

Уақыт өте келе, лагерьден қашып шығушылар саны күн сайын өсіп, соғыстың соңына дейін 25 ұлт өкілінен құралған адам саны 250-ге жетеді.

Словения аймағында 300-ге жуық партизанды тірілей өртеген фашистер аймақты түгелдей сүзіп, өздеріне қарсы астыртын күрес жүргізушілердің көзін жоймақшы болады. Немістер әкем Төлтай Шановтың басына 30 мың марк неміс ақшасын тігеді.

Жиырма жасында Адриатика теңізінің жағасындағы Альпі тауының жоталарында Югославия жерінде алғаш ұйымдастырылған партизан қауымын басқарған әкем Анатолий Шанов деген атпен қатардағы жауынгерден батальон комиссарлығына дейінгі жолдан өтеді.

Әкеме Югославия Халық Азаттық армиясы қолбасшысы Иосиф Броз Тито армиясының  поручик әскери шені беріліп, бұл туралы 1944 жылы сол аймақтың «Борьба» газетінде    жарияланады.

Иосиф Броз Титоның 1945 жылғы 19 қаңтардағы өкілдігі бойынша қайсарлықпен соғысқандығы және әскерді тиімді басқарғандығы үшін Төлтай Шанов «Қаһармандығы үшін» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Әкем туралы командирі Бисен Райысовтың былай деп жазғаны бар: «Жаумен Отаннан жырақта шайқасқан көпұлтты партизан семьясында комиссар Төлтай Шанов өзін бауырмал жолдас, алғыр да білгір саяси қызметкер ретінде танытып, әр жауынгердің жан дүниесіне фашистермен соғыста әділеттіктің, азаттық үшін күресушілердің жеңіске жететіндігі туралы сенімді ұялата білді».

Шет жерде фашизмге қарсы жүргізілген соғыста әкем бірнеше рет ауыр жарақаттанады. Бұл жағдайлар 1944 жылдың қаңтарында Конал елді мекені үшін жүргізілген соғыста, 1944 жылдың сәуірінде Скондия Идрия бекінісін алу барысында, сол жылдың шілдесінде Шеверелия селосы түбінде болған шайқаста орын алады. Аталған аймақтарда жаудың негізгі күштері шоғырланған үлкен бекіністері болған.

Югославия Халық Азаттық армиясы 18-екпінді бригадасының командирі Возовышконың  1970 жылы «Бригада» атты мемуарлық еңбегі жарыққа шықты. Онда Кеңес партизандарының  ерліктері баяндалады. Аталмыш бригаданың орыс батальоны Адольф  Гитлер атындағы неміс танк дивизиясы мен Вермахтының төрт дивизиясына тойтарыс бергені осында айтылады.

1985 жылы 27 сәуірде әкеме Югославия елшілігі «BAZOVISKE» ерлік медалін табыстады.  Онда: «30-дивизия,18-бригада,9-корпус Екпінді орыс батальоны комиссарына» делінген.

Әкеміз ел алдындағы борышын адал өтеп, жауды жеңуде ерліктер көрсетіп келгенімен, елде оған тыныштық бере қоймаған. Оны мына естеліктен байқауға болады: «Шалқарда мемлекет қауіпсіздігі комитетінің өкілі шақырды. Барсам, кескен томардай, төрт бұрышты, жуан қара столда отыр. Сұрақ-жауабын әкемнен ашып, шешемнен жапты. Протокол толтырды, қол қойдырды. Келесі шақыруда «атаң – болыс, әкең –бай» деп әңгімені құбылта түсті.

Тағы да Масақбаевтың кезекті шақыруында болдым, баяғы сұрақ-жауап.Келесі кезекті шақыруды теміржол КГБ-сі Огарков өткізді. Бәрінің де сұрақтары, жұмбақтары көп. Көзіме жазықсыз қауіптер елесі күшейді. Күнара шақыратын болды. Тума-туыс менен аулақтана бастады, тіпті жолдас-жораларым да тілдесуді қойды.

Бұл 1952-53 жылдар еді. Әкем ауруға шалдығып, ауруханаға түсіп, бір ай емделді».

Міне, ол осындай жағдайды басынан өткерді.

Арада шамалы уақыт өткен соң, яғни 1956 жылы туған ауылы Жылтырға көшіп келіп, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметін жалғастырды. Қазір ауылындағы орта мектеп Төлтай Шанов атында.

Бірте-бірте көзқарас түзеліп, әкем еңсесін көтере бастады.

1965 жылы ол Мәскеудегі Жеңістің 20 жылдығы қарсаңындағы кездесуге қатысты.

Майдандағы қарулас жолдастарынан үздіксіз хат-хабар үсті-үстіне келіп жатты.

Қазір әке архивінде қаруластардың сағынышты хаттары түгел сақтаулы. Осы хаттарды қайталап оқып отырып әкем:

Бірі –сыр, бірі– тілек, бірі –сұрақ,

Бірі ескі, бірі жаңа, қырық құрақ.

Анау хаттар қарулас достардікі,

Қағазбенен қауышқан күліп-жылап,–деп тебіренетін.

Сірә, сол сәтте сонау шалғайда, жел өтінде жүріп, жаумен жағаласқан, бейбіт күн үшін күрескен ауыр кезеңдер жадында жаңғырығып тұратын болса керек деп ойлаймын қазір.

Майра ТӨЛТАЙҚЫЗЫ,

партизан қызы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button